Жаңалықтар

15 шілде 2010
Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевтың туған күні мен Астана күні мерекесі биыл ел өміріндегі аса айтулы оқиғалардың біріне айналды.

Бұған осы күндері еліміздің түкпір-түкпірінен және алыс-жақын шет мемлекеттерден Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңсесіне – Мемлекет басшысының атына толассыз түсіп жатқан құттықтау хаттарының легі куә.

Атап айтқанда, бүгінгі күнге дейін осы екі оқиғаға байланысты бір-бірінен ажырағысыз, өзара ұштастыра баяндалатын 5 мыңға тарта жеделхаттар, ашық хаттар мен құттықтау мазмұнындағы өзге де хаттар келіп түсті. Құттықтаушылар арасында мектеп оқушыларынан зейнеткерлерге, қарапайым еңбек адамдарынан қоғам және мемлекет қайраткерлеріне дейінгі қоғамдағы барлық әлеуметтік топтардың өкілдері бар. Түрлі өндіріс орындары мен мекемелерден және қоғамдық ұйымдардан да ұжымдық хаттар көптеп түсуде. Құрамында мыңдаған адамдар еңбек ететін еліміздің ірі өндіріс орындары мен ауыл шаруашылығы кәсіпорындарынан, түрлі бюджеттік мекемелер мен жоғары оқу орындарынан, арнаулы және орта білім ұяларынан, ғылыми институттардан түсіп жатқан осындай ұжымдық құттықтаулардың аясы шамамен жарты миллионнан астам аудиторияны қамтитыны байқалды.

Мемлекет басшысының атына жіберілген осыншалық мол құттықтау хат-хабарлардың «Нұр Отан» Халықтық-демократиялық партиясының атына да түскенін айта кеткен жөн. Жекелеген азаматтардың, сондай-ақ кәсіпорындар, мекемелер мен ұйымдар ұжымдарының хаттары мен жеделхаттарында, атап айтқанда, қоғамның өзекті сұранымдарына жедел ден қойып, бүгінгі таңдағы мемлекетіміздің алдында тұрған стратегиялық міндеттерді іске асыруды қамтамасыз етуді мақсат тұтқан нағыз бүкіл халықтық саяси ұйымға айналған партияның рөлі мен маңызы оның төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың биік беделі арқасында анағұрлым өсе түскені баса айтылған.

Сондай-ақ шетел басшыларынан және есімдері әлемге танымал мемлекет және қоғам қайраткерлерінен түскен құттықтаулар да өте көп.

 Құттықтау жолдаушылардың бәрі де тәуелсіздікке жаңа қол жеткізген жас мемлекетімізде ұлтаралық келісім мен саяси тұрақтылықты қамтамасыз ете отырып, тарихи қысқа мерзім ішінде оны жоғары экономикалық қарқынмен дамып отырған елдердің қатарына қосқан, бұрынғы Кеңес Одағының құрамындағы көп республикалардың бірін әлемдегі танымал әрі беделді мемлекетке айналдыра білген Мемлекет басшысының ұйымдастырушылық ұлы еңбегі мен кемеңгерлік басшылығын жоғары бағалап, өздерінің ақ тілектері мен жүрекжарды лебіздерін үлкен тебіреніс сезіммен жеткізеді.

 Хат иелері Елбасының әлемде алғашқы болып атом қаруынан өз еркімен бас тартқан, мемлекеттің шекаралық шептерін айқындап, алыс-жақын елдердің бәрімен өзара сыйластық пен экономикалық тиімділікке негізделген байланыс орнатқан, аз жылдардың ішінде әлемді таң қалдырған жаңа Астана салғызған, ұлтаралық татулықты қамтамасыз ету мақсатында халықтар Ассамблеясы институтын өмірге әкелген, елімізді әлемдік интеграцияға кіріктіріп, бейбітшілік пен ынтымақтастықты нығайту үшін жаңа әрі аса маңызды халықаралық ұйымдардың табанды ұйымдастырушысы әрі белсенді жақтаушысы болған, «Болашақ» бағдарламасы бойынша шет мемлекеттерде жаңа мамандар легін даярлатқан, «Жасыл ел» бағдарламасын кең көлемде қолға алғызған, аса ауқымды индустриялдық-инновациялық жобаны жүзеге асыруға кіріскен тарихи маңызы орасан зор әрі көрегендік шешімдерін үлкен қанағат сезіммен және мақтанышпен, сүйсіне атап өтеді.

 Хат иелері сондай-ақ Елбасымызды Ұлт көшбасшысы мәртебесіне ие болуымен шын жүректен құттықтап, ел Парламентінің осы орайда қабылдаған тарихи шешімін қызу қуаттайтындықтарын мәлімдейді.

 Ең бастысы, хат жолдаушылар осы бастамалардың бәрінің де Қазақстан халқының әлеуметтік-тұрмыс жағдайының барған сайын жақсара түсуіне оң әсер етіп отырғанына және әлемдік қаржы дағдарысына қарамастан, біздің елімізде еңбекақы мен зейнетақы мөлшерінің ұдайы өсу үстінде екендігіне ризашылық танытады.

 Сондай-ақ құттықтаулар легінің үлкен бір бөлігін жақын көршіміз Ресей Федерациясынан келген хаттар құрайды. Осы елдің танымал мемлекет және қоғам қайраткерлері мен қарапайым азаматтары Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің өз елін қысқа мерзім ішінде әлемдегі беделді мемлекеттерінің біріне айналдырудағы жасампаздық еңбегін сүйсіне әрі нақты мойындап қана қоймай, оны барынша жоғары бағалайды. Әрине, әсіресе Ресей саяси элитасының атынан айтылып жатқан бұл пікірлердің белгілі бір дәрежеде осы ел халқының бүкіл қазақстандықтарға деген оң көзқарасының да көрінісі екені сөзсіз. Ал мұның өзі екі ел арасындағы тату көршілік, экономикалық, саяси және мәдени байланыстардың одан әрі тереңдей түсуіне әрі азаматтардың өзара ынтымақта өмір сүруіне игі ықпал ететіні сөзсіз.

 Құттықтау хаттар сондай-ақ АҚШ, Австрия, Болгария, Германия, Греция, Жапония, Корея, Израиль, Нидерланды, Түркия, Ұлыбритания, Франция, Эстония сияқты алыс шет елдері мен Әзірбайжан, Беларусь, Грузия, Қырғызстан, Украина, т.б. мемлекеттердің азаматтарынан, саяси, қоғам және мәдениет қайраткерлерінен, сондай-ақ ірі бизнес өкілдерінен келіп түсуде.

 Президент Кеңсесі ол құттықтаулардың бірсыпырасын республикалық «Егемен Қазақстан» және «Казахстанская правда» газеттері беттерінде жариялауға ұсынып отырды. Ал, жалпы, келген құттықтаулардың барлығы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президентінің мұражайында сақталатын болады.

Өзінің атына келіп түскен ауқымды поштамен таныса отырып, Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев мемлекеттер мен үкіметтер басшыларына, халықаралық ұйымдардың жетекшілеріне, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне, шетел азаматтарына, сондай-ақ отандастарымызға олардың құттықтаулары мен жылы лебіздері үшін шынайы алғысын білдірді.

 

Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз қызметі


Барлық жаңалықтар
 
Басқа жаңалықтар
Барлық жаңалықтар