Бөлімдер санаты
Сөйлеген сөздер
Оқиғалар күнтізбесі
ДсСсСрБсЖмСнЖс
 
 
 
 
123
45678910
111314151617
18192021222324
252627282930
 
Барлық жаңалықтар

Сөйлеген сөздер

10 қазан 2019
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Әбіш Кекілбайұлы ескерткішінің ашылу рәсімінде сөйлеген сөзі
Ақтау қаласы, Маңғыстау облысы

Құрметті әлеумет!

Ардақты ағайын!

Бүгін біз заңғар жазушы, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері Әбіш Кекілбаевтың рухына тағзым етуге жиналдық.

Бұл – тек Маңғыстау жері ғана емес, бүкіл еліміз үшін маңызды оқиға.

Қазақ тарихында өшпес із қалдырған кемеңгер қаламгердің ескерткіші ашылды.

Жаңа ғимаратқа қоныстанған тарихи-өлкетану музейіне Әбекеңнің есімі берілді.

Тау тұлғалы талант, ғұлама ойшыл Әбіш ағамыздың ерен еңбегі қандай құрметке де лайық.

Музей құрылысына, ескерткіш орнатуға атсалысқан азаматтарға алғыс айтамын.

Бұл Әбіш Кекілбаевтың сексен жылдық мерейтойына лайықты тарту болды.

«Адам өз топырағына тартып туады» деген қанатты сөз бар.

Маңғыстау – қойнауы қазынаға, тарихы тағылымға толы киелі өңір. 

Халық жазушысы, ұлтымыздың мақтанышы Әбіш Кекілбайұлы осындай қасиетті жерде дүниеге келді.

Шежірелі өлке – қазақ тағдырына қатысты талай оқиғалардың куәсі.

Маңғыстаудың «Жеті жұрт жайлап өткен жер» атанғаны баршаға мәлім.

Ертеде осы өңірден Еуропа мен Таяу Шығысқа Ұлы Жібек жолы жалғасқанын білеміз.

Қазір бұл өлке Каспий теңізі арқылы елімізді төрт мемлекетпен байланыстырып тұр.

Тоғыз жолдың торабындағы облыс – қай жағынан алсақ та, маңызы зор аймақ.

Мәдени жәдігерлері мол осы өңірді  ашық аспан астындағы мұражай деуге болады.

Бұл – Пір Бекет, Шақпақ ата, Шопан ата сияқты ғұлама бабаларымыз өмір сүрген жер.

Маңғыстау – баршаға белгілі 362 әулиенің мекені.

Ал, біз бүгін рухын ұлықтап отырған Әбіш Кекілбай – адамзаттық болмыстың жоғары деңгейіне көтерілген біртуар тұлға, қазақ халқының ұлы перзенті.

Халықтың мақтанышына айналған азаматтардың есімін жадымыздан шығармау – баршамыздың парызымыз.

Елбасының «Шіркін-ай, осындай қазақ көбірек болса екен» деп Әбіш ағаға ризашылық білдіруі тегін емес.

Зиялы қауым оған айрықша құрмет көрсетіп, «Қазақтың таңдайы» деп атады.

Әбіш Кекілбаев – «Қазақстанның Еңбек Ері» атағына ие болған тұңғыш қаламгер.

Әбіш ағамыз әдебиет әлеміне келгеннен бастап ұлттық сананы сақтау үшін мол еңбек етті.

Ана тілімізді, салт-дәстүрімізді және төл мәдениетімізді дәріптеп, халқына адал қызмет етті.

Ұлттық болмыс пен ұлттық рух Әбіш Кекілбай шығармаларының діңгегіне айналды.

«Аңыздың ақыры», «Елең-алаң», «Үркер», «Шыңырау» – қайталанбас туындылар.

Классик қаламгердің бұл еңбектері әлем әдебиетінің алтын қорына тиесілі.

Жазушы қара сөздің құдіреті арқылы елдің намысын оятып, рухын көтерді.

Мемлекетіміздің жетістіктері қаламгердің ұлт тағдыры туралы мақалаларында толық көрініс тапты.

Қоғамның шынайы сипатын танытқан Әбіш Кекілбаевтың көсемсөзі халықтың рухани азығына айналды.

Тұтас алғанда, заңғар жазушының туындыларына тарих пен тәуелсіздік арқау болды.

Әбекеңнің әр шығармасы  халқымыздың жүрегінен өшпес орын алды.

Оның білімі, көзқарасы, шын мәнінде, шексіз, бірегей және әмбебап.

Әбіш Кекілбай – қазақтың болмыс-бітіміне әлемдік кеңістіктен көз салған кемел ойдың иесі.

Ұлы Абай «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, Өлмейтұғын артына сөз қалдырған» дейді.

Әбіш Кекілбаевтың шығармалары  ғасырдан ғасырға ұласатын рухани құндылық болып қалатыны сөзсіз.

 

Құрметті қауым!

Әбіш Кекілбаев – ғұлама жазушы ғана емес, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері.

Елбасының сенімді серігі ретінде Тәуелсіз Қазақстанның негізін қалауға қосқан үлесі орасан зор.

Еліміздегі жоғары лауазымдарда қызмет істеп, халықтың ықыласына бөленді.

Жоғарғы Кеңес төрағасы, Мемлекеттік хатшы, Сенатор қызметтерін абыроймен атқарды.

Заңғар жазушыны Елбасымыз «Алаштың әлем алдындағы бетке ұстар ірі тұлғаларының бірі» деп бағалаған.

Әбіш ағамен Парламентте әріптес ретінде етене араласып, ерекше сыйластым.

Әбіш Кекілбаев Тәуелсіздігімізді қорғауға және нығайтуға атсалысқан аса көрнекті қоғам қайраткері болғанына ешқандай күмән жоқ.

Өйткені, ол қазақтың ой-санасын жаңғыртқан ұлы өзгерістердің басы-қасында жүрді.

Көрнекті қайраткер егемен еліміздің тарихи шежіресінде өз қолтаңбасын қалдырды.

Оның «Тәуелсіздік – тәтті сөз ғана емес, ұлттық жауапкершілік» деген тұжырымы баршаға ой салады.

Қазіргі жастарымыз Әбіш Кекілбаевтың қоғамдық-саяси көзқарастарын танып-білуі керек.

Біз оны ел мүддесін жоғары қойған нағыз патриот деп санаймыз.

Әбіш Кекілбаевтың «Тәуелсіздік біздің тілегімізді емес, біз оның тілегін тілеуіміз қажет», – деген сөзі бүгінгі буынның ұстанымына толық сай келеді.

Әбіш Кекілбаев – саналы ғұмырын еліне қалтқысыз қызмет етуге арнаған ардақты азамат.

Ол барша жұртқа ұлтжандылықтың озық үлгісін көрсетті.

Жалпы, ел дамуының әр кезеңінде  отансүйгіштік қасиеттер әр қырынан көрінеді.

Осы орайда, мен қазіргі кезеңде Қазақстан патриотизмі үш тұғырға негізделуі керек деп санаймын.

Ең алдымен, патриотизм төл тарихымыз бен шыққан тегімізді терең ұғынудан басталады.

Халқымыздың басынан өткен қилы заманды және ел еңсесін көтерген жетістіктерді жас ұрпақтың білгені өте маңызды.

Түп-тамырымыз мыңжылдықтарға ұласады. Мұны мақтаныш сезіммен айту – парыз.

Бүгінгі таңда біздің алдымызда қазақ тарихын жаңаша бағдарлап, қайтадан түзу міндеті тұр.

Тарихымызға қатысты көптеген деректерді жарыққа шығару қажет.

Мысалы, әйгілі Алтын Орданың 750 жыл бұрын қазақ жерінде құрылғаны белгілі.

Ұлытау өңірі мен көне Сарайшық – ұлт тағдырындағы ұлы оқиғалардың куәсі.

Мемлекеттігімізге өзек болған осындай тарихи белестердің мән-маңызын жастар арасында дәріптеуге тиіспіз.

Келесі жылы ұлы Абайдың 175 жылдық, әл-Фарабидің 1150 жылдық мерейтойларын атап өтеміз.

Бұл шаралар елдің рухын көтереді.

Азаттық үшін күрескен арыстарымыздың есімін ұлықтау арқылы азаматтарымыздың, әсіресе, жастардың бойына отаншылдықты дарытамыз.

Екінші. Патриотизм мемлекетімізді және мемлекеттік институттарды құрметтеуден басталады.

Мемлекетіміздің қазіргі құндылықтарын бағалау – баршамызға ортақ міндет.

Береке мен бірлік, тұрақтылық пен тыныштық, татулық пен келісім – біздің басты байлығымыз.

Көпшілік, әсіресе, жастар мемлекет болмаса, ұлт болмайтынын ұғынғаны жөн.

Бүгінгі буын түрлі қауесеттІң жетегіне ермей, ел іргесінің бүтіндігін сақтауға атсалысуы керек.

Патриотизм тұрақтылық орныққан елге және мемлекет институттарына деген құрмет сезімі арқылы нығаяды.

Өскелең ұрпақ Әнұранды, Елтаңбаны және Көк туымызды қадірлей білуі тиіс.

Біз отансүйгіштік қасиетті дамытқанда ғана Тәуелсіздікті нығайта аламыз.

«Қазақстан патриотизмі» ұғымы бәріміз үшін ұлттық құндылық болуы керек.

Үшінші. Біздің мақсатымыз – ең дамыған мемлекеттердің қатарына қосылып, әлемдегі лайықты орнымызды алу.

Отансүйгіштік – жай ғана ұран тастау емес.

Қазіргі таңда бұл білім алу, ғылымға ұмтылу, инновация мен технологияны игеру арқылы жүзеге асады.

Бүгінгі заман – білектінің емес, білімдінің, яғни, ақыл-ой бәсекесінің заманы.

Бұл – әсіресе, жастарға қатысты маңызды міндет.

Өйткені жас буын – патриоттық рухтың негізгі қозғаушы күші.

Өскелең ұрпақ өзге елдің озық тәжірибесін үйренсе, әлемдік бәсекеге қабілетін арттырады.

Біздің жастарымыз Қазақ елін бүкіл дүние жүзіне танытатын жобалар мен бастамаларды жүзеге асыруға талпынуы керек.

Сонда ғана отаншыл, ұлтжанды ұрпақты жаңа геосаясат, геоэкономика жағдайына бейімдейміз.

Қазақстан патриотизмі осындай үш тұғырға негізделсе, тәуелсіздігімізді нығайтып, еліміздің жарқын болашағына жол ашамыз.

Бұл – ХХІ ғасырда ұлт ретінде сақталуымыздың, жаңа сынақтардан сүрінбей өтуіміздің кепілі.

 

Құрметті ағайын!

Бүгінгі күні зиялы қауымның маңызды міндеті өскелең ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу деп санаймын.

Әбіш Кекілбай – отаншылдықтың жарқын символы.

Осы шараға Әбіш ағамыздың әріптестері, қаламгер достары, ізбасарлары арнайы келіп отыр.

Қазақ зиялыларының салмақты сөзі – тәрбиенің тиімді құралы.

«Ұрпағына ие бола алмаған жұрт ұлттықтан айырылады» деген Әбіш Кекілбайдың сөзі әрдайым есімізде тұрады.

Жазушының мол мұрасы, өнегелі тағылымы осы мақсатқа қызмет ете береді деп ойлаймын.

Сөзімнің соңында айтарым, қастерлі Маңғыстау жері құт-берекеге толсын!

Әбіш Кекілбаевтың мұрасы ел игілігіне айнала берсін!

Төрімізде отырған қадірлі Клара апайға, Әбіш Кекілбаевтың ұрпақтарына амандық тілеймін!

Ұлы даламыз әрқашанда аман болсын!

 

 


Барлық сөйлеген сөздер
 
Басқа сөйлеген сөздер мен үндеулер
Барлық сөйлеген сөздер мен үндеулер